2022 жылдың 18 мамырда дарынды композитор және әнші Батырхан Шүкеновтің туғанына 60 жыл толды. Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған Street art. BATYR BEINESI коллекциялық монеталары «Қазақстанды монеталар арқылы таны» атты жаңа серияны ашады.
Street art. BATYR BEINESI жаңа монетасы заманауи өнер мен Батырхан Шүкеновті мәңгі есте қалдыру секілді бірден екі мағыналық желіні біріктіреді. Бұл – Ұлттық Банкінің стрит-арт сияқты қазіргі заманғы жастар өнерін қолдауға арналған алғашқы коллаборациялық монета жобасы.
Монетаның дизайнында Қазақстан стрит-артының ең жарқын жұмыстарының бірі – REPAS командасының «Батыр бейнесі» граффитиі бейнеленген. Авторлардың бастамасы бойынша оны монетаның дизайнында пайдалану құқығы Ұлттық Банкке өтеусіз негізде берілді.