«Дала қазынасы» монеталар сериясының JETI QAZYNA айналымдық монеталары Қазақстанның бірнеше аймағында ақша айналысына шықты.
Жаңа монеталар кәдімгі монеталармен қатар қолданылатын болады. Номиналы 100 теңге JETI QAZYNA жеті монетасы: ER JIGIT, SULÝ ÁIEL, QUMAI TAZY, AQYL BILIM, BEREN MYLTYQ, JÚIRIK AT, QYRAN BÚRKIT заңды төлем қаражаты болып табылады және барлық төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті - олармен тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасауға болады.
Ұлттық Банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажмұратов монеталардың параметрлері өзгеріссіз сақталғандығын, сондықтан төлем терминалдары мен басқа кассалық техниканы қосымша қайта баптау қажет етілмейтіндігін атап өтті.
Жомарт Қажмұратов: «Егер кәсіпкерлер монетаны қабылдаудан бас тартса, онда оларға Әкімшілік бұзушылық туралы кодекстің 206 - бабы бойынша ескерту жарияланады. Бір жыл ішінде осы жайт қайталанған жағдайда 5-тен 25 АЕК-ге дейінгі (69 450 теңгеге дейін) мөлшерде айыппұл қарастырылған. Мұндай шағыммен Сіздер, жағдайды әрі қарай анықтау үшін, Ұлттық Банктің жақын жерде орналасқан филиалына жүгіне аласыздар. Өз тарапымыздан, бейнетіркеу жасауға немесе монетаны қабылдаудан бас тартудың жазбаша дәйегін талап етуге кеңес береміз» - дегенді айта кетті.